Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің пробация қызметкерлері 26-28 қаңтар күндері аралығында "Пробациялық бақылау" атты жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде,-деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Шараның мақсаты - бас бостандығынан айырусыз жазаға сотталғандардың арасында құқық бұзушылықтың және қылмыстың алдын алу.
Айта кету керек, пробациялық бақылау пробация қызметінің есебінде тұратын адамдардың өздеріне заң мен сот жүктеген міндеттерді орындауына бақылауды жүзеге асыру бойынша пробация қызметінің жұмысын білдіреді.
- Шараның бірінші күні 100-ге жуық тұлға тұрғылықты жерінен тексерілді. Нәтижесінде 7 адам белгіленген уақытта үйлерінде болмағандығы анықталды. Олармен түсініктеме жұмыстары жүргізіліп, ескерту берілді, - дейді ҚАЖД Пробация қызметіне басшылық ету бөлімінің бастығы әділет подполковнигі Ғабит Чутабеков.
Мәселен, Түпқараған ауданы бойынша 80-нен астам тұлға есепте тұр. Әрқайсысымен пробация қызметкерлері сөйлесіп, тәртіп бұзбауға, уақтылы үйлерінде болуға шақырды.
- Түпқараған ауданы бойынша 15-тен астам тұлға үйлерінен тексерілді. Біз тек өздерімен ғана емес, отбасы мүшелерімен де түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз, әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетеміз. Бұл сотталғанның оң жолға түсуіне бірден бір септігін тигізері сөзсіз, - дейді Түпқараған аудандық Пробация қызметі бөлімінің бастығы әділет капитаны Айхайбек Наков.
- Егер де істі болған тұлға сот талаптарын және пробация қызметінің талаптарын қасақана өрескел бұзған жағдайда, сотталушыға қатысты материалдар сотқа жіберілетін болады, яғни бас бостандығынан шектеу жазасы бас бостандығынан айыру жазасына өзгерту жайлы шешім шығады. Былтыр 2022 жылы 47 тұлға тәртіп бұзып, оларға қатысты материал сотқа жолданып, қанағаттандырылды, - деді Ғ.Чутабеков.